Ертең, 10 тамызда жоғары оқу орындарындағы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланады.
Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілердің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады.
«Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қарайды. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалады» делінген министрлік мәліметінде.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтіліпті. Атап айтқанда, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болып отыр екен. Сондай-ақ, ауыл балалары және ҚР азаматтығы жоқ ұлты қазақ азаматтар үшін де квоталар көзделген.
Айта кетсек, биыл білім грантынан үмітті болған талапкерлерден 80 мыңға жуық өтінім келіп түскен. Құжаттар 13-22 шілде аралығында қабылданған.