Жол апаты Қостанай облысындағы «Арқалық-Торғай» автожолында орын алған. Жангелдин аудандық ауруханасының «УАЗ» маркалы жедел жәрдем көлігі науқасқа бара жатқан. Ал «Шевроле Нива» маркалы жеңіл көлік жүргізушісі манвер жасап, екінші жолдан басты жолға шығып кеткен. Салдарынан жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан.
Облыстық Полиция департаментіндегілер медицина мекемесі көлігіндегі фельдшер мен жүргізуші ауыр дене жарақаттарымен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін айтты. 53 жастағы фельдшер әйел аурухана төсегінде жан тапсырды.
«Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 345-1-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жүргізілген сараптама барысында «Шевроле Нива» көлігі жүргізушісінің мас күйде болғаны анықталды. Ол 32 жастағы азамат» деп қосты Полиция департаментіндегілер.
Марқұм болған медицина қызметкері Нұрсәуле Асқарова 33 жылдан бері Жангелдин ауруханасында еңбек етіп келген.