Шымкентте қант қоры жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ. Бұл туралы әкімдіктегілер мәлімдеді.
Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының айналым бағыты негізінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС-мен келісімшарт түзілген.
Келісімшарт негізінде әр тоқсан сайын бірінші қажетті әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына комиссия шешіміне сәйкес бағалар бекітіледі.
Бүгінде қаладағы 18 сауда желісінде құмшекердің бағасы 440 теңгені құрайды. Бұл баға қала аумағында төмен бағалардың бірі болғандықтан «спекуляцияны» болдырмау мақсатында бір адамға сатылатын қант мөлшеріне шектеу қойылған. Сол себепті тұрғындарды қантпен толық қамту үшін кезекпен берілуде.
«Қазіргі таңда Шымкент қаласында шекер жеткілікті көлемде. Тұрғындардың «қант тапшылығы болады» деп негізсіз дүрлігуге бармауын сұраймыз»,-деді әкімдіктегілер.