Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтіп, қала бюджетіне өзгерістер енгізу және бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды.
Жаңадан құрылатын бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов депутаттар алдында баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін атап өтті. Сонымен қатар аппарат басшысы көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін айтты. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сессияда маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтқан қала әкімі бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.
«Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды,- деді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), ал халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың бас жоспарына сәйкес аудан аумағында 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.