Қостанай облысы, Амангелді ауылында ауыл тұрғындары арасында өткен жарыста жеңіске жеткен ер жігіт үлкен 9 кесе қымызды тоқтаусыз ішіп, жұртты таң қалдырды.
Қымыз ішу жарысының видеосы ТікТок-та пайда болды. Онда бір топ жиналған жұрт жарыста бағын сынап отырған жігітке барынша қолдау білдіреді. Тіпті кішкене кідіріп, орнынан бір тұрып, қайта отыруға кеңес береді.
Жарыс қатысушысы 9 сапар кесе (үлкен кесе) толы қымызды ішіп, оқ бойы озып шықты. Желі қолданушыларының пікіріне сүйенсек, ұлттық сусынды дәріптеуді мақсат еткен сайыс жеңімпазына жылқы сыйға берілген.
Видеоны көрген желідегілер жігіттің денсаулығына алаңдады. Енді бірі 9 кесе нағыз қазақ жігіті үшін түк те емес екенін алға тартты.
«Жарайсың, осындай жарыстар көбейсін», «Қан қысымы көтеріліп кеткен жоқ па екен?», «Осы сайысты республика деңгейінде өткізу керек. Ұлттық сусынды дәріптеудің нағыз жолы», «Дұрыс, сыра ішіп жарысқанша, қымыз ішіп жарыс. Есесіне ағзаға пайдалы», «Денсаулыққа зиян ғой», «Міне, еркек», «Мен бұдан да үлкен кесемен ішемін. Демек видеодағы ыдыс болса, 16-дай кесені оп-оңай сіміремін», «Бәрекелді, осындай өзіміздің сайыстарымыз көп болсын» деп жазды желі қолданушылары.