28 жастағы Қымбат Сарыбайқызы, Раяна, Рәзия және Рәбия есімді үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды.
Үш баланың ата-анасы қызды болуды қатты қалаған екен.
Бір ай бұрын туылған үшемдер дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне шығарылды.
— Қазір үш қыздың жағдайы бір қалыпты. Алдағы уақытта да жағдайларын қадағалап, тұрақты түрде бақылап отыратын боламыз, — деді перинаталды орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы.
«Керемет сезім, ештеңе айта алмаймын, қатты қобалжып жүрмін. Бүкіл перзентханаға үлкен алғыс айтамын, дәрігерлері керемет! Құдайға шүкір, жолдасым мен енем жанымда болды. Қазір үйде бүкіл отбасым күтіп отыр, өте қуаныштымын! Болашақта тағы балаларым болады деп ойлаймын», — деп үшемдердің анасы Қымбат әсерімен бөлісті.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы көпбалалы отбасыға қала әкімнің құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері Түркістан қаласында 3 740 нәресте туылса, оның 16-ы егіздер.