Осы жылдың 08 шілдесінде Шымкент қаласының «Түркістан сарайы» мәдениет үйінде Ұлттық ұланның батыры қатардағы Ташкенбаев Самандар Бахтиярұлының ерлігі мен батырлығын құрметтеуге арналған салтанатты кеш өтті. Аталған кешке арнайы келген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін батыр жауынгерТашкенбаев Самандар Бахтиярұлына өзі табыстады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әміреев Талапкер Қыдырұлы қатардағы жауынгер СамандарТашкенбаевтың ерлігін жоғары бағалай келе:
«Біздің жауынгерлеріміздің қатарында осындай қырағы, ержүрекОтанымыздың нағыз патриот ұланы болғанын мақтан тұтамыз. Ең бастысы осындай салмақты, жігерлі, өжет, батыл ерді тәрбиелеп өсірген жауынгер Ташкенбаев Самандардың ата-анасына алғысым шексіз. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ел іргесі берік, тәуелсіздігім тұғырлы болғай!»,- деп сөзін аяқтап, батырымызға «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісін тақты.
Есімізге алсақ, ағымдағы жылдың қаңтар айында елімізде жаппай тәртіп бұзушылармен қарулы қақтығыс орын алған болатын. Тәуелсіздігімізді еншілегелі еліміздің ішкі тыныштығының қалқаны болып жүрген Ұлттық ұлан жауынгерлері осы бір ел басына күн туған қиын кезеңде жауынгерлік қызметке сәйкес әрекет етті. 6506 әскери бөлімінің жауынгері қатардағы Ташкенбаев Самандар Бахтиярұлы тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдырмақ болған қаскөйлермен күресте жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде ерекше батылдық танытып, жанқиярлық ерлік көрсету арқылы қаншама адамды өмірлеріне төнген қауіптен арашалап қалған болатын.
Салтанатты шараның қонағы болған Самандар Ташкенбаевтың ата-анасы Базарбаев Бахтияр мырза мен Базарбаева Шоира ханым ұлдарының ерлігін бағалап құрметтеп жатқан қолбасшылық тарапына үлкен рахметін айтты.
6506 әскери бөлімі баспасөз қызметі