Әлеуметтік желілерде зейнеткердің күйеуінің әпкесіне сәлем салған сәтінің видеосы пайда болды. Онда ақ жаулықты әжей үш рет иіліп тұрып сәлем салып, өзінен 11 жас үлкен қайын әпкесінің «көп жаса» деген батасын алады. Видеода қайын әпкенің жасы 91-де екені жазылған. Ал келіні — 80 жаста.
Кейуананың бұл әрекетін көрген желідегілер қос әжейге риза болып, өмір жастары ғұмырлы болуларын тіледі.
«Әжелеріміз аман болсын, біз де сол күнге жетейік», «Ғажап! Осы кісілердің жасын берсін», «Керемет, аман болыңыздар», «Мықты, осындай әжелеріміз аман болсын. Не деген тәрбие», «Тамаша! Өзгелерге үлгі боларлықтай әжелер екен. Тойханада селтеңдеп билейтін ақ сақалды аталарымыз мен ақ самайлы апаларымыздан Құдай сақтасын», «Осындай әжелеріміздің көрер жасын Алла ұзақ ете гөр. Барша тілеулес жандарға Жаратқан еселеп сауап бұйырсын», «Ғұмырлары ұзақ болсын. Ауырмасын», «Керемет, не деген қарапайымдылық. Алла разы болсын сіздерге» деп жазды желі қолданушылары.
Пікір жазғандардың мәліметінше, қос әжей еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғындары.