Бүгінде қаланың сегіз елді мекенінде электр қуатының сапасы төмен. Биыл 16 тиісті нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету деңгейі 99 пайызға дейін артады.
Қуаттылықтың жоқтығынан Шымкенттегі 31 елді мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі туындаса, сегіз елді мекенде көгілдір отын мүлдем жоқ. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар іске қосылғаннан кейін халықты көгілдір отынмен қамту 93 пайыздан 94,7 пайызға дейін артады.
«Халықты сапалы электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі», — деді Мұрат Әйтенов.
Ал кәрізге келетін болсақ, 81 тұрғын үй алқабы мен шағынауданның 62-сінде ол жоқ. Қолданыстағы ағынды суларды тазартуға арналған кешеннің қуаты жеткіліксіз. Биыл 19 кәріз нысанының құрылысы жүргізілуде. Канализациямен қамту 54 пайыздан 60 пайызға дейін артуы тиіс. Даму жоспарына сәйкес, 2025 жылы халықты кәріз жүйесімен қамту 75 пайызды құрайды.