М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының іргетасы 147 жыл бұрын қаланған.
«Бүгінде мектеп аумағының бір бөлігі санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қосымша оқу ғимараты салынуда», — деп хабарлайды үшінші мегаполис әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа ғимарат 1100 оқушыға есептелген. Сонымен қатар, жобада 250 орындық акт залы, спорт залы, кітапхана, оқу залдары мен 320 орындық асхана құрылысы қарастырылған. Қосымша ғимараттың құрылысы былтыр маусым айында басталған. Нысан құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланып отыр.
М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп-гимназия Шымкенттегі ең ескі мектеп. Мұнда оқушыларға үш тілде білім беріледі.
Өткен жылы білім ордасы Қазақстандағы ең үздік «100 олимпиадалық мектеп» тізіміне енді. Жаңа ғимараттың құрылысы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жеке бақылауында.
Қала басшысы құрылыс барысын тағы бір тексеріп, үздік білім беретін мектептің қосымша ғимаратпен қамтамасыз етілуі білімді жастардың өсуіне септік ететінін атап өтті.
Фото авторы — Береке Сейітжаппар