Мамандардың есебі бойынша, бір апта бұрын қанаттының бір мыңнан астамы өлсе, қазір оның саны бес мыңға жеткен. Арнайы комиссия құрылып, аумақты шолып, сынама алыныпты. Анықталғаны — Қашаған кен орнының «ДС-01», « ДС-04» жасанды аралдары мен «Ақ Жайық» резерваты аумағында шағаланың үш түрінің өлексесін көрген. Қазір инспекторлар өлекселерді жинап, өртеу жұмыстарын қолға алды. Олардың айтуынша, өлекселер арасында өзге құстар жоқ. Алғашқы сынама қорытындысы бойынша, шағала құс тұмауынан өлген.
«Сынама қорытындысында «АН5» деген құс тұмауының оң нәтиже бергені анық болды. Қазір осы бойынша да облыс көлемінде құзырлы органдармен жұмыс комиссиясы құрылып, тағы да жұмыс жасап жатыр. Алматы қаласынан келген микробиология және вирусология институтының мамандарымен сынамалар алынып, Алматы қаласына жолданды. Оның әлі нақты нәтижесі бізде жоқ. Енді әрі қарай инспекция тарапынан НСОС компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тағы да дәлелдемелер, басқа да материалдарды қарап жатырмыз»,- деді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров.