Туристік агенттік мамандары Түркия, Египет пен Грузия еліне сұраныс жоғары екенін айтып отыр. Сұраныс көп болғандықтан, демалыс құны да қымбаттаған. Бірақ бәрібір елде демалғаннан әлдеқайда арзан шығады,- дейді.
«Қазіргі кезде «Риксостың» бағасы бір түнге 100 мыңнан асады. Бұрын көпшілік шекара жабық болған соң елде қалып жүрді. Қазір шекара ашылды, әрі ПТР сынаманы алып тастады. Сондықтан көп атыраулықтар Турция, Египет, Грузияны көбірек сұрайды. Мамырдың аяғынан бастап турлардың бағасы қымбаттайды. Мысалы, мамыр айында 2 ересек адамға 500 мыңға табылса, қазір ондай баға жоқ. 800 мыңнан кем болмайды. Және ұшақта да орын табу қиын,- дейді туристік агенттіктің менеджері Гүлнәз Дастанова.
Айта кетейік, Атырауда да туристер қызығатын тарихи-мәдени орындар бар. «Тұздыкөл», «Нарын» құмы, «Қиғаш» өзені, «Ақкегершін» үстірті секілді жерлерде демалыс аймағын ұйымдастырмақ түгілі, жол сапасының нашарлығынан жету қиын.