Үшінші мегаполис – мен үшін ерекше қала. Бұл жерге саяхатшылардың жиі келуі жайдан-жай емес, бұл қалада көретін, баратын, «дәмін тататын» нәрсе өте көп.
Шымкентке ұшақпен, пойызбен немесе таксимен жетуге болады. Соңғысы жол үшін үш есе қымбат ақы алады, сондықтан қауіпсіз, әрі ыңғайлы нұсқаны таңдаңыз. Лоукостер қызметі де бар, бағасы пойыз бен таксимен шамалас.
Сонымен… Шымкент – бұл заманауи өмір мен көне дәстүр тоғысқан қала, тарихтың тұңғиығына батыратын қала.
Бұл қаланың атауы тарихта бірінші рет XV ғасырда кездеседі: атақты тарихшы Шараф ад-Дин Йезди Әмір Темірдің әскері бұл қалаға 1366 жылы келгенін айтқан.
Бүгінде Шымкент жер аумағы бойынша Қазақстан қалалары ішінде көш басында. Қала тарихи ескерткіштер сақтау және зерттеу нысандарының бірі ретінде «Мәдине мұра» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Заманауи қаланың орталығында орналасқан көне шаһарды тарихи-мәдени саябаққа айналдыру жұмыстары жүріп жатыр.
Шымкентте театрлар, кинотеатрлар, мейрамханалар, жайлы қонақ үйлер желісі, «Қиял әлемі», аквапарктер, жер аумағымен және өсімдіктің ерекше түрлерімен таң қалдыратын дендросаябақ бар.
Қалада жеті саябақ, үш музей, үш театр және басқа да көрнекі жерлер мен сәулеті көз тартатын ғимараттар бой көтерген.
Сонымен, ең бастысынан бастайық – Қошқар-ата. Ғасырлар бойы шаһар тұрғындарын ауыз суға қандырып келе жатқан өзеннің бастауы болған бұлаққа есімі берілген Қошқар-атаның кім екенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Аңыздардың бірінде ол кісі емші болған делінеді. Сол себепті өзен суына шомылса түрлі сырқаттан ада болатынына сенетін жұрт әлі күнге дейін өзенге ағылады. Жағасында шағын кесене бар. Қошқар-атаға тағзым ету үшін келетіндер көп. Жергілікті аңыздар бойынша оның бейіті жақын маңда, көпқабатты үйлердің ортасында жатыр.
Жергілікті билікке алғыс айту керек – өзін жағасы абаттандырылған, енді бұл жерде қысы-жазы шомылуға болады.
Нөмірі екінші – бұл Кең-баба этносаябағы
Кең-баба этнографиялық саябағы қала орталығына жақын. Бұрын ол ең жасыл саябақ болатын. Балалар саябағы аталған. Мұнда әлі күнге дейін кеңес дәуірінің шағын сәулет нысандарын байқауға болады. Кең-баба саябағы қазір жергілікті тұрғындар көп шоғырланатын демалыс орындарының бірі. Этносаябақтың жалпы аумағы – 3,5 га. Өкінішке қарай, қазір мұнда бәрі өзгерген. Уикипедияда саябақты қайта жасақтау кезінде бірде-бір ағаш кесілмеген дегенді оқысаңыз, мұны Шымкенттің байырғы тұрғындарының көзінше айтпаңыз, жанын жаралайсыз.
Спорт және белсенді демалысты қалайтындар үшін саябақ аумағында командалық ойындарға арналған бірнеше спорт алаңы бар, сондай-ақ, теннис корты ашық. Балалар үшін арнайы балалар алаңы, аттракциондар қалашығы және «Сафари» деп аталатын құмдағы қалашық жасалған. «Оңтүстіктің тартуы» жасыл қалашығы мен «Шағын Қазақстан» таныстыру макеті Кең-баба этносаябағына келушілерді таң қалдырмай қоймайды.
Шымкентте тағы бір этносаябақ бар екенін білетіндер аз. Ол қаланың солтүстігінде, Наурыз алаңы маңында, зообақтың артында орналасқан. Бұл этносаябақтың ерекшелігі – ол біріншіден, бірнеше деңгейлі, екіншіден, мұнда облыстың қасиетті орындарының шағын нұсқасы жинақталған. Бұл жерде Яссауи кесенесін де, Арыстанбаб мазарын да, Ордабасы монументін де көресіз. Облысты аралайтын уақытыңыз болмаса, осы этносаябаққа келсеңіз, өкінбейсіз.
Үшінші нөмірде – зообақ
Шымкенттің зообағы қаладағы ең қызық және тұрғындар ұнататын орындардың бірі. Зообаққа кіру бағасы бұрын 21 теңге 21 тиын болған. Қазір уақыт өзгеріп, зообақта қыдыру үшін балалар 400, ересектер 500 теңге төлейді.
Шымкент зообағында жануардың 200 түрі бар, оның 20-сы Қызыл кітапқа енген. Жалпы саны – 1600-ге жуық. Мұнда тұяқты, жабайы жануарлар мен жәндіктерді көруге болады. Зообақ аумағында аквариум да бар, онда 510-нан астам балық мекен етеді.
Қызық дерек, зообақтағы жануарлар азығының 25% жуығы зообақ аумағында өсіріледі.
Айтпақшы, жөнделгеннен кейін Шымкент зообағы табиғат сүюшілер жиі бас қосатын орынға айналары хақ. Жануарлар үшін олардың өмір сүру ортасына барынша ұқсас жағдай жасалған.
Саяхатшылар барып, көруге міндетті төртінші орын — дендросаябақ
Дендросаябақ — Шымкентке келген туристер көруге міндетті орындардың бастысы. Ол жергілікті халық арасында танымал демалыс орны. Бұл халықтың демалысы үшін жасалған дендрарий. Ботаника бағына ұқсайды, бірақ саябақ аумағы кеңдеу. Шымкент дендросаябағы 1979 жылы ашылған, аумағында шөп тектес өсімдіктің 600-ден астам түрі өседі. Өсімдіктен бөлек, көпшілікке фауна әлемі ұсынылған.
Бесінші орында – Тәуелсіздік саябағы
Тәуелсіздік саябағы 2011 жылы қаланың тарихи бөлігінде ашылған, қаланың ең ірі және жаңа саябағы саналады. Саябақ қала билігі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына шымкенттіктерге жасаған тартуы болды. Тәуелсіздік саябағында Қытай сәулетшілері жасаған әнші фонтанды, Голландиядан әкелінген өсімдіктерден жасалған гүлдер композициясын көруге болады. Саябақтың ортасында металл элементтерден құрастырылған монумент бар. Тәуелсіздік саябағының жалпы аумағы — 82 мың шаршы метр. Саябақ құрылысына жергілікті бизнесмендер атсалысты.
Алтыншы нөмірде – мешіт
Үш мың орындық мешіт құрылысын Біріккен Араб Әмірліктерінің «Заид бен Сұлтан әл-Нахаян» қайырымдылық қоры қаржыландырды. Бұған Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері басшыларының уағдаластығы себепкер болды. Қаланың батыс бөлігінде орналасқан мешіттің аумағы ауласын қосқанда 2,69 га жерді алып жатыр. Ғимараттың аумағы – 8516 м2. Жоба құны — 1 млрд 622 млн теңге.
Мешіт кешені ішінде дәрет алу бөлмесі, имамның үйі және қазандық бар. Мешіттің ашылу салтанатына ҚР Дін істері Агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Матар әл-Кетби, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеров қатысты.
Мешіт құрылысы кезінде құрылысшылар қаржыны қалтаға басқан-мыс. Бұны БАЭ-нен келген тапсырыс берушілер біліп, іс насырға шаппай тұрып, жағдайды түзеген. Олар мешіт пен жол құрылысынан ақша ұрлағандар ана өмірде қатаң жауап береді деп есептейді. Эх, бұл фәлсапа біздің жол салушылардың құлағына жетсе…
Жетінші нөмір – Темірші-ата
Мен шымкенттіктер соншалықты тылсым күшке сенеді деп ешқашан ойламаппын. Қаладан шыға берісте Темірші-атаның кесенесі бар. Аумағы үлкен, айналасы жасыл желек. Адамды құдды бір әдемі бақта жерлеген сияқты. Бірақ, мәселе онда емес. Бейіт маңында ұстаның темір соғатын төсі бар. Білетіндер бұл төсте Темірші-ата жұмыс істеген дейді. Міне, осы төске көлігіңіздің кілтін тигізсеңіз, темір тұлпарыңыз ешқашан сүрінбейді-мыс. Көлік немесе пәтер сата алмай жүрсіз бе? Сол әдіспен: кілтпен төсті түртесіз – ғажайып болады. Менің сататын еш нәрсем жоқ, Шымға көліксіз келген едім. Достар мен таныстардың сөзіне сендім.
Дәмді ас ішетін орындар мен үшін маңызды болды. Палау, тамшы-самса, кәуап, ачучук, ммм … Шымкент – тәтті тамақтар жұмағы екен!
Ал, енді Шымкенттен тыс жерде, бірақ баруға тұрарлық көрікті жерлер туралы айтайын.
Ақсу-Жабағылы қорығы
Шымкент пен Түркістан өлкесіне ортақ басты байлық – Қазақстанның ең көне Ақсу-Жабағылы қорығы. Ол Орталық Азияда алғашқы болып ЮНЕСКО-ның биосфералық қорығы мәртебесін алды. Ақсу-Жабағылы — жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін, жоғалып бара жатқан және төл түрінің бай асыл қазынасы. Мұнда арқар мен тауешкі, бұғы мен елік, сілеусін мен қар барысы, қасқыр, түлкі, аю, жайра, тас сусар мен ақ тышқан мекендейді. Құстардың бай әлемі бар. Көгінде құмай мен қарақұс, бүркіт пен ақ бас сип қалықтайды. Тау бөктерінде кекілік ұя салады. Қарлы жерінде ұларды көруге болады. Жапырақты ормандардың көлеңкесінде жұмақты шыбыншы торғайдың қауырсын реңін өзгерткені от сияқты көрінеді. Көк құстың ән салғаны сырнайдың сазына ұқсайды. Күн тиетін алаңқайда түрлі түсті көбелектер-қарлығаштар, көгілдір, сары, желкенді көбелектердің сирек түрі жыпылықтайды.
Арыстан Баб кесенесі
Кесене XII ғасырда өмір сүрген атақты діни дәруіш Арыстан Бабтың бейіті үстінен тұрғызылған. Алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырларға тиесілі. XVIII ғасырдың ғимараты қирап, 1909 жылы қайтадан салынған. Бұл туралы фриз жазбаларында жазылған.
Менің сүйікті орындарымның бірі — Сайрам-Су (мұнда соншалықты ыстық емес)
Өлкенің табиғаты тұмса шатқалдарының бірі — Сайрам-су. 2350 метр биікте мұздан жасалған көл. Қазаншұңқыры гитараға ұқсайды. Төменгі көлдің суы көкшіл және суық, көл жерасты суымен толығып тұрады. Бір қызығы, көлдің түсі мөлдір-көгілдір және ашық жасыл түске бөлінген. Қандай ауа-райы болмасын, екі түс анық байқалады. Бұл туралы аңыз бар.
Кейін біз Бүргелікке бардық
Шатқал бойымен, тасты арнамен тау бұлақтарынан су күшін алып, Бүргелік өзені ағып жатыр. Оның таза, суық суынан шатқалдың жасыл желегі су ішеді, ауа тазарады, самал соғады. Таулардың жасыл жамылғысы, долана, бөріқарақат, жабайы раушан, өрік, алма ағаштары, жергілікті саябақта қылқан жапырақты ағаштардың көптігі ауаны бактериостатикалық әсер беретін фитонцидтермен қанықтырады. Жалпы, мұндағы ауа өкпе-тыныс алу мүшелерін, жүрек-қан тамыры жүйесін ынталандырып, орталық жүйке жүйесіне сергітіп, ауырсынуды жоюға көмектеседі.
Міне, Шымкент осындай. Мен оны 1-1,5 сағаттың ішінде Ташкентке жете алатының үшін де жақсы көремін! Менің ойымша, Түркістанды, оңтүстіктің көрікті жерлерін көріп, Ташкент асып, қыдырып, Шымкенттен ляззат алуды қалайтын әр қазақстандық үшін маңызды.