Қаратау ауданындағы Тассай тұрғын алабы қазіргі уақытта ауыз су, мемлекеттік жүйедегі электр жарығымен толық қамтылған. Қазір табиғи газ бен кәріз жүйесін тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын алабқа инфрақұрылым жүйелерін тарту барысын көрді.
Қазір елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін «Сарыағаш Аман» ЖШС мекемесі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құжатына сәйкес, жүйенің жалпы ұзындығы 115,2 шақырым. Бүгінде 66,3 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, жұмыстың 62 пайызы орындалған. Құрылысы 2021 жылы басталған нысан аяқталуы келер жылға өтпелі.
Тұрғын алабты толық көгілдір отынмен қамту мақсатында «Ремстрой» ЖШС-і құрылыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, өткен жылы 15 км топырақ жолдарға шағал тас төселген. 2022-2023 жылдары жаңақұрылыс аумағында инфрақұрылым жүйелері аяқталған соң асфальт төселетін болады.
Жалпы, 2025 жылға дейін Шымкентті толық газдандыру жоспарлануда. Қаланың 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес ішінара қамтылған 17 елді мекенде және толық қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйесі салынады, қала халқы және басқа да объектілер 100% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласының 81 елді мекенінің 8-і табиғи газға қосылмаған, ал 31 — і тек ішінара көгілдір отынмен қамтылған. Бұл мәселені шешу үшін ағымдағы жылы 15 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Қайнарбұлақ (2-ші кезек) және Бозарық шағын аудандарында жалпы ұзындығы 74 шақырым газбен жабдықтау жүйесін салу бойынша Мемлекеттік сатып алу жүргізілуде.