Ақ халаттылар «күйік балалар үшін нағыз қауіпке айналды»,- деп дабыл қағып отыр.
Атырау облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, 2021 жылдың 4 айында 137 бала күйік шалып, ауруханаға түскен. Оның 121-і – термиялық, 10-ы – химиялық, 6-ы электрлік. Балалардың барлығы емделіп, аман-есен үйлеріне оралған.
Ал биылғы 4 айда айтарлықтай көбейіп, 185 жағдай тіркелді. Оның 163-і термиялық, 20- химиялық, 2-і электрлік. Өкініштісі сол, 6 бүлдіршін қайтыс болды.
«Бұл – өте алаңдарлық жағдай. Осындай жарақаттары бар балалар ағылып жатыр-, дейді Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Орындық Сиплова, — оның басты себебі — ата — аналар тарапынан немқұрайдылық, қараусыз қалдыру. Оңалту процесі өте ұзақ. Бұл жағдайда тыртықтар өмір бойы қалады. Сонымен қатар, бала өседі және осы физиологиялық процесс кезінде оған пластикалық хирургия қажет болады.»
Жансақтау бөлімінің аға мейірбикесі Қымбат Дүйсенғалиева да балалардың денсаулығына алаңдайды. Айтуынша, көп жағдайлар ата-анасы телефонға алаңдап кеткен жағдайда орын алған.