Оқиға Қазталов ауданында болды. Кешкісін үйіне мас болып келген отағасы әйелін аяусыз сабап, бұл аздай темір таяқпен зорлаған. Ауыр жараланған келіншек қазір аудандық ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлер оған ота жасалғанын хабарлады:
— 39 жастағы әйел ауыр жараланып, қансырап қалған. Тік ішегінің тамырлары мен бұлшықеттері жыртылғаны анықталды. Енді зақымдалған мүшесі қайта қалпына келуі үшін ұзақ емделуі керек. Қазіргі жағдайы қалыпты болғасын, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Дегенмен жәбірленуші күйеуінің үстінен арыз жазбаған. Келіншектің бұдан бас тартқанын БҚО полиция департаменті растады. Бірақ бұл оны жазадан құтқармайды. Жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша соталды тергеу жұмыстарына кірісіпті. Қазір бұл іске қажетті барлық сараптама тағайындалған.