Полицияға арызданған екі азаматша да алаяқтықтың құрбаны болыпты. Айтуларынша, екі жағдайда да өздерін сазға отырғызғандар үйіне қайыр сұрап кірген адам.
Алданғандардың сөзінше, есікті ашқан бойда бейтаныс әйел тылсым күштер бұл үйде дуа барын сыбырлап жатқанын және оны тез арада алып тастамаса қайғы-қасірет болатынын айтыпты.
Полицияның мәліметінше, өтірікші көріпкел үй иелеріне тазарту рәсімін өткізу үшін олардың барлық алтындары қажет деп сендірген. Жәбірленушілердің айтуынша, ол зергерлік бұйымдарды қолына алып, бір нәрсе сыбырлаған болып, үйді айнала жүріп, біраз уақыттан соң ізін суытқан. Келтірілген шығын көлемі 4,5 млн теңгені құраған.
Полиция күдіктінің соңына бейнебақылау камералары арқылы түскен. Сезікті шыққан бойда таксиге отырып кеткен екен. Тәртіп сақшылары алаяқтыққа қатысы бар азаматшаны тұрғылықты жерінен ұстады.
— Қазіргі таңда аталған жайт бойынша «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қала тұрғындарына бейтаныс адамдарға сенбеуге, алаяқтардың мұндай айла-амалдарына түспеуге, бағалы заттарға мұқият болуға, дуаны алып тастайтын балгерлер туралы хабарландыруларға сенбеуге, әсіресе олармен сөйлеспеуге және оларды үйге кіргізбеуге кеңес береміз, — дейді полицейлер.