Бүгін Шымкентте олимпиадалық резервтегі ат спорты мектебінің жаттықтырушылары, балалары иппотерапиядан өтетін ата-аналар, сондай-ақ BI Group құрылыс холдингі өкілдерінің кездесуі өтті.
Жиналғандар Шымкент қаласындағы ескі ипподромға, сондай-ақ ерекше балалар мен олимпиадалық резерв мектебінің спортшылары үшін сабақтар өткізілетін оған іргелес тұрған жабық манежге қатысты өз талаптарын айтты:
— жаңа нысанның құрылысына дейін манеж мен шабындықты бұзбау;
— жылқыларды жууға арналған орынды қалпына келтіру;
— белгісіз тұлғалар ұрлаған қоршауды қалпына келтіру;
— ескі ипподромда инфрақұрылымды (жарықтандыру, жолдар) ұйымдастыру.
Ата-аналар балалары жаттығусыз қалуы мүмкін деген қорқынышын жеткізді. Сондай-ақ, ат жарыс және ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық турнирлерге қатысушылар ипподромның жабылуы дағдылардың жоғалуына әкеліп соқтыратынын атап өтті.
Өз кезегінде, құрылыс салушы:
— жаңа ипподром құрылысы аяқталғанға дейін ескі ипподромды бөлшектемеу;
— ұлттық спорт түрлері бойынша олимпиадалық резерв мектебінің сабақтарын және даму ерекшеліктері бар балаларды ипподром жанындағы жаңа манежге бағыттау;
— олимпиада резервінің командасы үшін оқу-жаттығу жиынын тегін ұйымдастыру мәселесін зерделеу;
— балаларды халықаралық жарыстарға жіберуге ықпал ету;
— қоғамдық көлік пен аялдамаларды ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аудару, алаңнан конкурға дейінгі жолды жарықтандыру, өз есебінен жылқыларды жууға арналған орынды қалпына келтіру және қоршау орнату;
— ат спорты мектебінің ата-аналарымен, балаларымен және жаттықтырушыларымен, сондай-ақ BI Group компаниясының қызметкерлерімен бірлескен сенбілік өткізуді ұсынды.
Осы ұсыныстарға жаттықтырушылар құрамы оң жауап берді. Мүдделі тараптармен қосымша кездесулер өткізілетін болады. Бұл нысан BI Group компаниясының спорт пен салауатты өмір салтын қолдау жөніндегі әлеуметтік векторы аясында іске асырылуда.
Айта кетейік, 1500 көрерменге арналған 39 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром Бозарық ауданында салынуда. Құрылыс компаниясы оны осы жылдың күзінде тапсыруды жоспарлап отыр.
Жаңа нысан халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жобаны әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибе ескерілді. Көрермендер мен жылқылардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ойындар үшін ұзындығы 2012 метр болатын бәйге айналмасы, 220х80 метрлік көкпар алаңы (17600 м2), сондай-ақ конкур алаңы (7200 м2) қарастырылған.
Жаңа ипподромдағы ареналардан басқа, 100 жылқыға арналған қора, жабық мінбер ғимараты, ветеринарлық блок, қосалқы бөлмелер, 310 көлікке арналған кең тұрақ салынуда. Мінбердің жоғарғы қабатында төрешілерге, комментаторларға және БАҚ-қа арналған кабинеттер болады.