Ойыл өзені соңғы 15 жылда болмаған деңгейге көтерілді. Салдарынан тасқын су Миялы ауылының шетіне тіреліп тұр. Қызыл су шегі жоқ айдынға айналған. Қазір Миялы ауылы қызыл су қоршауында қалды. Ауыл белсенділері Миялы-Қарабау-Индер тас жолын бұзуды ұсынды. Айтуларынша, бөгет боп тұрған тас жолды бұзбаса , 1993 жылғы жағдай қайталанып, ауылды қызыл су баса ма, — деп қауіптенеді.
«Жоғарыда 1993 жылдағы судан да көп су бар,-деп айтып жатыр. Соған байланысты мен сақтық шараларын алуды сұрадым. Аудан әкіміне Миялының айналма жолына бөгет соғу мәселесін көтердім. 2-3 күннен кейін құлақ асты. Бірақ жәй бастады. Тас жолды бұзайық, арғы беттен 15-20 метрге бұзып тастасақ, қара сумен аққан су өзінің арнасымен Қамыскөлге құяды. Жанышқан арқылы Тайсойғанға кеткен болар еді. Миялы — Қарабау -Индер облысаралық тас жолы күлдей зиян, бөгет болып тұр. Соны бұзғысы келмей отыр. Қазір қаншама бөгет соқса да, үлгертпейді. Бөгет деп айтып жатқандары бос топырақ төгіп жатыр бес Камазбен. Ол мүмкін емес. Ол суға еріп кетеді. Миялыға су кіруіне санаулы сағаттар қалды деп есептеймін. Жолдың бойына 4 мотор қойып, су айдады. Атыраудан екі машина келді. Миллиондаған текше метр тасқын суын мотормен жолдың екінші бетіне айдайды деген, — қожанасырдың әңгімесі деп есептеймін», — дейді ауыл тұрғыны, Ойыл жанашыры Есенбай НҰРОВ.