Өзге мемлекеттің азаматтарына тұрмысқа шығатын қыздарға қарағанда, шетелдіктерге үйленетін жігіттер көбейген. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің дерегінше, соңғы 3 жылда 142 атыраулық өзге мемлекеттің азаматына тұрмысқа шықса, 188 азамат өмірлік серігі ретінде басқа ел азаматшасын таңдаған. Биыл жыл басынан бері 13 ару өзге ел жігітінің етегін ұстап, 16 атыраулық шетелдік аруды жар етіп үлгеріпті.
Азаматтарымыз көршілес Өзбекстан, Ресей, Қырғызстаннан қыз алса, бұрымдыларымыз бұл мемлекеттерден өзге АҚШ,Түркия, Қытай елдеріне кеткен. Мамандар некені тіркемес бұрын олардың бұрын некеде болған-болмағанын жіті тексереді.
«Былтырғы жыл мен биылғы жылды салыстырғанда шетел азаматшаларына ер азаматтардың үйлену жағынан көп бізде, салыстырмалы түрде. Шетел азаматшаларынан бізге некеге тұрарда міндетті түрде ол қай елдің азаматшасы, ол кісіден сол елдің рұқсат қағазын алдырамыз. Ол кісі бұрын тұрмыс тұрмаған болса, егер тұрмыста болып, ажырасқан болса, ажырасқан жөнінде неке бұзу құжаттарын сұратамыз. Егер шетел азаматы Қазақстан азаматшасына үйленетін болса да солай. Құжаттары Қазақстанға жарамдылығы жөнінде міндетті түрде белгі соғылу керек»,- дейді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Гүлшат Жұмағалиева.
Мамандар мұндай некенің көбеюіне шеттен келетін жұмысшылардың көптігі де әсер етіп отыр,- дейді.