Полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты жауап берді. Бейнебақылау камерасындағы жазба Қазығұрт шағын ауданындағы дүкендердің бірінің алдында түсірілгенін растаған тәртіп сақшылары күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді.
Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласының Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы :
«Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 99-бабымен «Адам өлтіру»қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Еске салайық, бұл оқиға көпшіліктің көз алдында 27-наурыз күні кешкі сағат жетіден өте болған. Ол кезде айналада кісі қарасы да көп еді. Бейнежазбада екі ер адамның дүкен алдында сөйлесіп тұрғанын анық көрінеді. Кейіннен бірі қолында ұстап тұрған пакетінен пышақ алып шығып, онысын қарсыласына сілтеп, тіпті қуалай жөнелгені де таспаланған.
Сол сәтте бірі қашып, екіншісі қуалап пышақ сұққандардың арасына белгісіз әйел адам түскені видеода көрінеді. Бірақ оның нақты кім екені әзірге айтылып жатқан жоқ.
Инсайдерлік дерек көздеріне сүйенсек, күдікті 1979 жылы туған жергілікті азамат. Ол Кореяда жұмыс істеп жүргенінде әйелінің көңілдесі пайда болған көрінеді. Бейресми ақпарат көздері бірнеше рет пышақ жарақатып алып қайтыс болған ер адамның 1987 жылғы, бұрын сотты болғанын айтуда.
Полиция әзірге күдікті мен қайтыс болған азаматтың жеке бастарына қатысты ақпараттарды ашып айтпады.