«Том мен Джерри» қуғыны аталып кеткен бұл видео қазір әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатыр. Видеода жеңіл автокөлікті қуып жеткен полицияның патрульдік көлігі тоқтау туралы арнайы белгі береді. Жүргізуші жылдамдығын бәсеңдетіп тоқтағанымен, полиция көлігі дереу кері айналып кетеді. Бұған түсінбеген жолаушылар да кері бұрылып, сақшылардың соңынан ілеседі. Бірақ полицейлер жылдамдығын үдетіп, қарасын көрсетпей кетеді. Ит пен мысық ойнағандай жолаушыларды жолынан қалдырып, әурелеген сақшылардың бұл әрекеті көпшіліктің түсініспеушілігін туғызды. Желі қолданушылары сақшылар жолаушылардың қолындағы телефонды көрген соң, босқа мазақ болудан қашты деген пікірде.
БҚО полиция департаменті осы оқиға бойынша қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Осы тексеру нәтижесі бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.