Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың қыркүйек айында есірткі, психотропты заттарды сақтаумен айналысқан Қарағанды тумасының заңсыз әрекетін әшкерелеген болатын. Тергеу барысында белгілі болғаны, ол қылмысын іске асыру мақсатында өткен жылдың күзінде Атырау қаласына келген. Кейін қала аумағында есірткі мен психотроптық заттарды Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғадан сатып алып, екінші жерге жасырып кетіп жүрген. Оның тұрғылықты мекен жайын тінту кезінде психотроптық заттарды орау материалдары, шыны құтылар, электрондық таразы мен түтікшелер тәркіленген.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Тағайындалған сараптама қорытындысы нәтижесінде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.