Атырауда үй ауласынан белгісіз көлікті айдап кеткен ер кісі оңбай ұсталды. Оқиға кеше, 5 желтоқсан күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған. 49 жастағы әйел бес минут бұрын үйінің алдында оталып тұрған Nissan Almera автокөлігін белгісіз адам айдап әкеткенін айтып полицияға хабарласқан. Polisia.kz жазуынша, тәртіп сақшылары сергек бейнебақылау жүйесі арқылы автокөліктің Әлиев көпіріне бағыт алып бара жатқанын анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама берген. Оқиға орнына жедел жеткен Батыс-15 қызметкерлері автокөлікті Махамбет-Сатыбалдиев көше қиылысында тоқтатқан кезде күдікті полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Ол жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Содан жол-көлік оқиғасын жасаған. Кейін полиция қызметкерлерінен қашып, жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тығылып қалғаны белгілі болды. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тексеру барысында 34 жастағы азаматтың “Автокөлікті айдап әкетуші” және “Қалта ұрысы” тізімдік санатында есепте тұрғаны анықталды. Қала тұрғынының ұрланған көлігі арнайы тұраққа қойылып, ұсталған азамат жедел-тергеу тобына тапсырылды.