399
Шымкентте Қонаев гүлзары мен Рысқұлов көшесі қиылысындағы айналма жолда жол ережесін өрескел бұзған жүргізішулердің видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды. Бейнежазбадан жол бойында келе жатқан Toyota Camry 70 үш автокөлікті көруге болады. Жүргізушілердің бірі сыртқа тапанша шығарып, аспанға оқ жаудырады.
Полиция желіде тараған видеодағы көлік жүргізушілерін анықтады. Үш жүргізуші де жергілікті тұрғындар болып шықты. Тәртіп сақшылары үшеуіне де Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 203-бабы “Сақтандыруды бұзу”, 602-бабы “Көлік құралдары жүргізушілерінің сыртқы жарық аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану, авариялық дабылды қолдану қағидаларын бұзуы” және 603-бабы “Көлік құралына арнайы жарық және дыбыстық сигналдарды беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу” бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Көліктердің барлығы айыптұраққа қойылды. Жинақталған материалдар әкімшілік сотқа жіберілді. Сонымен қатар жүргізушілердің бірінен ПМ тапаншасын тәркіленді. Ер адамның қаруды дүкеннен сатып алғаны белгілі болды, бірақ тапанша полицияға тіркелмеген.
Полицейлер тапанша тәркіленген жүргізушіге тағы үш бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Атап айтқанда: Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабы, 437-бабы “Тыныштықты бұзу” және 482-бабы “Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алуы, беруі,өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы”.