361
Астана қаласының 35 жастағы тұрғыны Алматы әуежайында шу шығарды. Оның спирттік ішімдік ішкені анықталған. Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаментіндегілер хабарлады.
Ведомствоға қарасты әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдахановтың айтуынша, Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне «FlyArystan» әуекомпаниясының супервайзері қоңырау шалған. Оның сөзінше, ер кісі балағат сөздер айтып, пластикалық тіркеу бағанын сындырғанын айтқан.
Жолаушы Павлодар қаласына ұшуы керек болған. Алайда өзін дөрекі ұстағаны үшін әуе тасымалдаушысының өкілдері оны лайнерге өткізбеген. Тәртіп бұзған ер кісіге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) және 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 708 жолаушы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін әуе рейстерінен түсірілген. Оның 276-сы қоғамдық орындарға масаң күйде келген. 215–сі ұшақ бортында темекі шеккен, қалғаны ұсақ бұзақылық жасағандар.