ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында “әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау “салауатты ұлт”ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, ұлттық жобаның негізгі мақсаты өмір сүру ұзақтығын арттыру болып табылады. Жоба 4 бағыттан тұрады және олардың әрқайсысы бойынша міндеттер, нәтижелер көрсеткіштері және іске асыру іс-шаралары белгіленген.
Мәселен, 2021 жылы 26 іс-шара іске асырылып, 17 көрсеткішке қол жеткізу қамтамасыз етілді. Биыл 34 іс-шараны орындау және 17 көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.
Бүгінгі сөз сөйлеу барысында А. Ғиният ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы іс-шараларды іске асыру қорытындылары туралы хабардар етті.
Ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша қол жетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету шеңберінде өткен кезеңде МСАК ұйымдарына бару саны 51 млн қабылдауды құрады. Жедел жәрдем қызметі 4 млн-ға жуық шақыртуға қызмет көрсетті, медициналық авиация 1 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Стационарларда 1,5 млн-ға жуық науқас емделді, 350 мыңнан астам ота жасалды, 200 мыңға жуық босану қабылданды.
Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі жетілдірілді. Нәтижесінде ауылдарда 50 адамға дейін медициналық көмек көрсетуді медбике үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайды. Тар мамандарға кезектілікті төмендету мақсатында жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету жөніндегі Ереже бекітілді.
Өткен кезеңде күрделі және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді.
“Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді, онда 300-ден астам ота жасалып, 400-ге жуық пациент емделді. Семей қаласындағы Ядролық медицина орталығының бірегейлігін атап өткен жөн, онда отандық радиофармпрепараттар толық циклде қолданылады, яғни өндірістен бастап диагностика мен емдеуге дейін”, — деді Ажар Ғиният.
Шалғайдағы ауылдардың 1 миллионнан астам тұрғыны үшін 149 жылжымалы медициналық кешенмен консультациялық-диагностикалық қызметтер, скрининг, дәрі-дәрмектер ұсынылып, медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, биыл 10 өңірде 38 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 “Жәрдем” және “Саламатты Қазақстан” медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды.