ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Осы мәселе бойынша білім министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
Білім министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жаңа оқу жылында 3,6 млн бала мен 384 мың педагог қамтылған 7 637 мектеп жұмыс істейтін болады.
А. Аймағамбетовтың айтуынша, келесі оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 36 аптадан 31 мамырға дейін жалғасады. Жаздың алғашқы күндерінен бастап Оқушылар дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Тиісінше, балалар жаз айларында толығымен демалады.
“Қазақстандағы жазғы демалыстың ұзақтығы білім беру көшбасшысы елдермен салыстырғанда ең үлкен – 92 күн болып қала береді. Жалпы, бір оқу жылында балалар 4 рет демалады. Сонымен қатар, демалыс және мереке күндерімен бірге балалар 192 күн демалады және тек 173 күн мектепке барады”, – деді Білім министрі.
Жаңа жылда мектеп бағдарламаларына кейбір өзгерістер енгізілді.
“Бірінші. Зерттеулер мен сараптамалардың нәтижелері бойынша біз 1-сынып оқушысына бірден үш тілді үйрену қиынға соғатынын анықтадық. Бала алдымен өз тілінде оқып, жаза білуі керек. Сондықтан біз шешім қабылдадық-мемлекеттік тілде оқытатын 1 сыныптарда балалар тек қазақ тілін, орыс тілінде оқытатын сыныптарда – мемлекеттік және орыс тілдерін оқиды. 2-сыныптан бастап қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілін үйрену басталады. Ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан бастап оқытылатын болады”, – деп түсіндірді А. Аймағамбетов.
Сондай-ақ, балаларды ерте кәсіптік бағдарлау мақсатында 1-сыныпта “еңбек оқыту” және “бейнелеу өнері”пәндері енгізілді. 6-сынып оқушылары “Музыка” пәні аясында таңдау бойынша домбырада ойнауды үйрене алады. Сондай-ақ, мектептерде қосымша факультативтер есебінен балалар шахмат оқуға мүмкіндік алады.
Білім министрі атап өткендей, мектептердің менеджменті мен кадрлық құрамын күшейту мақсатында өзгерістер енгізілді.
“Биыл білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институты енгізілді. Бүгінгі таңда 431 директор ротацияланды. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі іске асырылуда. Енді педагогтар білім, еңбек өтілі, біліктілік санаты және кәсіби жетістіктері сияқты өлшенетін критерийлер негізінде конкурстан өтеді”, — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, ұлттық біліктілік тестілеуі арқылы педагогтерді жұмысқа қабылдау ережелері қабылданды. Жоғары оқу орындарының түлектері жұмысқа келмес бұрын сертификаттаудан өтуі керек.