Түркістан облысы Келес аудандық аурухананың бас дәрігері мен мекеменің бас есепшісі сотталды. Аудандық сот олардың сыбайлас жемқорлық әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу барысында олардың стоматологиялық қызметтер көрсету жөніндегі шартты бұзбау және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерден 500 мың теңге пара алғаны анықталған.
Сот үкімімен айыпты деп танылған бас дәрігер мен бас бухгалтердің әрқайсысына 17 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқара алмайды.