Жамбыл облысының полицейлері Тұрар Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы құмды аумақта «Ваз-2121» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 47 жастағы жүргізуші тізгіндеген. Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан 2 қапшық «гашиш» есірткі заты табылды. Сонымен қатар ер кісінің көлік тоқтатылған жерден 2 шақырым жерде целлофаннан екі «күркеше» жасап, 36 қап «марихуана» мен 1 қап «гашиш» есірткі заттарын жинап қойғаны анықталды. Сондай-ақ, есірткі құралдарын илейтін екі елек анықталды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 472 келіден асқан. Оның ішінде 369 келі 588 гр «кептірілген марихуана» және 102 келі 760 гр «гашиш» болып шықты. Күдікті ретінде 47 және 30 жастағы тұрғындар ұсталған.
«Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен(Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдіктілер өз кінәлерін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.