Қарағандыда 25 жастағы жігіт тапа-тал түсте зейнеткердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған. Оқиға Ержанов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде болған.
Polisia.kz жазуынша, белгісіз біреу дәлізге бейнебақылау камерасын орнатушымын деп зейнеткердің үйіне домофон арқылы қоңырау соққан. Ештеңені алаңдамаған әжей пәтерінің есігін ашқан. Сол сәтте қаскөй үйге кіріп, 77 жастағы тұрғынның бетіне белгісіз затпен суланған шүберекті жапқан. Содан ол есінен танып қалған. Күдікті пәтерден 7 миллион теңге мен алтын бұйымдарды қолды қылған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 9 миллион теңге.
«Аса қатыгездікпен жасалған қылмысты ашу мақсатында облыстық Полиция департаментіне қарасты барлық бөліністерге бағыттама берілді. Тиісті іс-шараларды өткізу барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы күдікті анықталды. Ол өз кінәсін мойындады. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-тармағына (Қарақшылық) сәйкес іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.