Теміртауда оқушы сабақтан үйіне ерте қайту үшін мектепте “жарылғыш зат” орнатылды деп хабарлаған. 14 желтоқсан күні сағат 13.00 шамасында Қарағанды облысы Теміртау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына белгісіз бала хабарласып, №20 мектепті жарамын деп мәлімдеген. Білім мекемесіне саперлер мен барлық жедел қызметтер жіберілген. Polisia.kz жазуынша, мектептен барлығы 500 адам, яғни мұғалімдер мен оқушылар эвакуцияланды. Сондай-ақ білім ұясының айналасы қоршауға алынды. Білім беру мекемесіне жүргізілген тексеру жұмыстары барысында ғимараттан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабына (Терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталды. Ол мұндай жалған хабарламаны үйіне ерте кету үшін айтқан екен.