Түркістан облысы Ордабасы ауданында 11 миллион теңгенің малын сатып жіберген бақташы анықталды. Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, отар қойының ішінен 221 бас қой мен 3 бас сиыры жоғалған. Ол осы жылдың тамыз айында малын жергілікті тұрғынға бағуға сеніп тапсырған. Алайда 3 айдан соң төрт түлікті санағанда бір бөлігі жоқ болып шыққан.
Polisia.kz жазуынша, бұл жайт Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында мал ұрлығына қатысы бар бақташы ұсталды. Ол бұрын сотты болған Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, күдікті ер адам қой мен сиырдың көп бөлігін иемденіп, оны сатып жіберген. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 11 миллион теңгеден асты. Қазіргі уақытта бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.