Түркістан облысы Шардара ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, тұрғын үйіне бөгде адам терезе арқылы кіріп бағалы заттарды қолды еткен. Үй ұрысы жатын бөлмедегі бағалы алтын, бриллиант әшекей бұйымдары мен 1 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 5 миллион теңгеден асты.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Көп ұзамай күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын жәбірленушінің үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізген жергілікті тұрғын болып шықты.
«Күдікті ер азамат жәбірленушінің үйінде алтын бұйымдарының барын біліп, өзінің жеке бас пайдасы үшін жымқырған. Бүгінде қолды болған бағалы әшекейлер өз иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.