Түркістан облысы Келес ауданында жас келіншек 6 тұрғынды арбауына түсірген. Полицияға жәбірленушілердің бірі арызданды. Айтуынша, оны жақын танысы алдап кеткен. Яғни, ол кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион 200 мың теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 300 мың теңге ақша алған. Алайда арада 3 ай уақыт өтсе де сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Көп ұзамай күдікті ретінде жұмыссыз жүрген әйел ұсталды.
«Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп бірнеше тұрғынды алдаған. Оның алаяқтықтың жалпы 6 фактісіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.