Алматыда ер кісі криптовалюта сатып алу кезінде жалған банкноттармен төлем жасамақ болған. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
«Біздің бөлімшеге алаяқтық дерегі бойынша жергілікті тұрғын жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз біреу криптовалюта сатып алу кезінде оған жалған 100 мың доллар төлемек болған. Іс жүргізу барысында жәбірленушінің интернет арқылы криптовалютаны ірі көлемдегі сомаға сатуға келіскені анықталды. Кездесу жоспарланған, онда сатушы криптоәмианға электронды ақшаны аударған. Алайда, «сатып алушы» криптовалютаны алғанын растамаған және оны алдадың деп айыптауға тырысқан»,-деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Басқарма бастығының айтуынша, бұл алдын ала ойластырылған алаяқтықтың бөлігі болып шыққан. Күдікті қамауға алынды.
Ұсталған азамат виртуалды ақшаны сатып алу бойынша өз міндеттемелерін орындағысы келмеген. Сондықтан ол кездесуге жалған долларлық купюраларды алып келген. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық істі тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктінің ықтимал сыбайластарын анықтау және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізуде.