Астанада Московская көшесіндегі “Жақыл” кафесінің алдында ер кісіні бөтелкелестері ұрып-соғып тонап кетті. Оқиға таңға жуық уақытта болған. Жәбірленушінің айтуынша, ол кафеге келіп, сол жердің екі клиентімен танысқан. Содан кейін бір үстелде бірге ішімдік ішіп отырған. Кейін ол бейтаныс адамдармен бірге далаға шыққан. Сол сәтте олар физикалық күш қолдану арқылы жәбірленушіні ұрып-соғып, аяқ киімін шешіп алған. Қалтасынан ұялы телефон мен құжаттары бар әмиянды алып кеткен.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 25 және 35 жастағы ер адамдар анықталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Жәбірленуші елордалық ауруханалардың біріне жатқызылды.
Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы “Тонау” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды» деп атап өтті Полиция департаментіндегілер.