Қостанайда әлеуметтік желілерде өзін қыз ретінде таныстырып, парақша ашқан алаяқ жігіт ұсталды. Ол жалған аккаунт арқылы жергілікті тұрғыннан емге қажет деп 3 миллион теңгені қалтасына басқан.
«Күдікті әлеуметтік желілер арқылы алдау және сенімін асыра пайдалану арқылы жалған парақ құрып, қыздың атынан емдеу сылтауымен шамамен 3 млн теңге сомасында ақшалай қаражатты иемденген. Танысу барысында жәбірленуші жалған қызға шамамен 5 ай көлемінде ақша аударып отырған. Полицейлер заттай дәлелдемелер ретінде банк карталарын, SIM карталарын және ұялы телефонды тәркіледі», – деді Қостанай облыстық ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Олжас Мағыпаров.
Күдікті деп танылған 27 жастағы жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.