Қазақстанда жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын болдырмас үшін мұнай өңдеу базаларына тексеру жүргізілетін болды. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өткен кеңесте айтылды. Бірінші вице-Премьер жанар-жағармай нарығындағы ахуал бойынша кеңесте жанар-жағармай ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін бірқатар тапсырма берді.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жалпы ел бойынша дизель отынының жиынтық қоры 308,56 мың тоннаны құрайды. Бұл 2023 жылдың 1 қаңтарындағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде жекелеген жанармай құю станцияларында дизель отынын сатуда шектеулер байқалады.
Осыған байланысты:
– Өңірлік штабтарға жанар-жағармай жасанды тапшылығын тудырмау мақсатында өңірлік мұнай базаларын комиссиялық тексеру жөнінде шаралар қабылдау;
– Бұзушылық фактілері болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе доминантты әрекеттері бойынша тергеу жүргізу тапсырылды.