342
Қарағанды облысы Теміртау қаласында ішімдік ішкен ер адам өзі тұратын көпқабатты үйді жарып жібермек болды. Оқиға кеше, 9 сәуір күні кешкі уақытта орын алған. Полицияға қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер алдындағы дәлізде түтін мен кенеттен дауыс шыққаны туралы хабарлама түскен. Белгілі болғандай, сол үйде тұратын азамат ішімдік ішкен күйде пәтерінің есігін жауып алып, үйдегі газ баллонын жарамын деп көршілерін қорқытқан.
Полицейлер мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері шұғыл түрде тұрғындарды эвакуациялап, оқиға орнын қоршауға алды. Сағат 20.20 шамасында 35 жастағы азамат ұсталды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факт полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.