Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев,- «Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес, барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықталып, тың тәсілдер ойластырылды.
Осыған байланысты, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтар болсақ, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жалпы алаңы 178 га құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.
«Бүгінде индустриалды аймақта жүзеге асатын құны 6,7 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаның өтінімдері қабылданды. Яғни, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін салу және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда»,-деді қала басшысы.
Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады деп хабарлайды Шымкент келбеті.
Айта кетейік, Шымкент қаласының өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Қалаға келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.