Шымкентте есірткі өткізумен айналысқан екі адам ұсталды. Ұстау барысында олардың бірі тәртіп сақшыларына белсенді қарсылық танытып, аэрозольді тапаншадан екі рет ауаға оқ атқан. Жедел уәкілдер қоян-қолтық ұрыс әдісімен күдіктілерді дер кезінде қарусыздандырды.
Сондай-ақ, жалдамалы пәтерді тінту барысында шкаф ішінен әртүрлі дозаларға бөлінген 4 дана полиэтиленді пакетке салынған орамалар мен тапанша тәркіленді. Ұсталғандардың бірінің қалтасынан есірткіге ұқсас, ұнтақ тәріздес заттар салынған 4 полиэтиленді орама алынды.
Полиция департаментіндегілердің дерегінше, сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар есірткінің синтетикалық түріне жататыны расталып, жалпы салмағы 31 граммды құраған.
Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.
Тәркіленген қаруға сараптама тағайындалды.