Шымкентте дәстүрімізді дәріптейтін жалғыз салт-дәстүр орталығына туристер жиі келеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктегілер хабарлады.
Қазақ елінде жалғыз «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы – Шымкентте орналасқан. Қазақтың тың дәстүрін терең танып білуге әлемнен түрлі туристер келуде.
Қаламыздың мақтанышы, дәстүріміздің айнасы салт-дәстүр орталығына әлемнің әр елінен шет ел азаматтары жиі ат басын бұрады. Мақсаты сол – еліміздің мәдени өміріне қызығушылықтарын білдіріп, қазақтың көне мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымен танысуы жиі орын алуда.
Жақында ғана Швеция мемлекетінің Стокгольм қаласындағы қазақ мәдени орталығының төрайымы Мажиева Хабира ханым қонақта болды.
Хабира Азизбекқызы орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, экскурсия мамандары «Ұлттық салт-дәстүр», «Қол өнер» залдарын аралатты. Халқымыздың қасиетті де киелі саналатын киіз үй жабдықтарын, түрлі жәдігерлер, бесік, сандық, саз аспаптары мен тұрмыстық және қолөнер бұйымдарын көрсетті.
Қазақтың дәстүрі мен салтына қызыға, тамсана қараған туристер алдағы уақыттарда шығармашылық – мәдени кештерді жиі тамашалап, дәстүр айнасына айналған төл туындыларымызды құрметтейтінін жеткізді.
Біз бұған дейін шымкенттік туристік компаниялар Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өткен халықаралық туризм көрмесіне қатысқаны туралы жаздық.
Үш күндік «Riyadh Travel Fair 2023» атты туристік жәрмеңкеге әлемнің барлық нүктесінен саяхатшылар жиналған болатын. Көрмеде Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы мен отандық туроператорлар Шымқаланың жаңа келбетін таныстырды. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен туризм және авиация саласындағы түрлі ірі компаниялардың өкілдерімен бірге 24 мыңнан астам адам қатысты.
Айта кету керек, Сауд Арабиясынан Қазақстанға келушілер саны 2022 жылы күрт өсті. Егер бұрын Қазақстанға 900-дан астам саяхатшы келсе, өткен жылы олардың саны 6 мың адамға дейін жетті. Бұл тікелей рейстердің, визасыз режимнің, сондай-ақ бұрын өткізілген b2b кездесулердің арқасында Сауд Арабиясы азаматтарының Қазақстанға сапарлауға қызығушылықтың артуы болып саналады. Сонымен қатар Қазақстан мен Сауд Арабиясы қаржы және инвестиция саласындағы екі жақты байланыстың ауқымы жыл сайын артып келеді.