Жамбыл облысында полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Оқиға Луговой стансасында болған. Қызметтік көлік мінген тәртіп сақшысы жаяу жүргіншілер жолағында өтіп бара жатқан қызды қағып кеткен.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр.
Жаяу жүргінші сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартуыпты. Соған байланысты полиция қызметкеріне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 600-бабының 1-бөлігі бойынша (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) іс қозғалды. Аталған бап 10 айлық есептік көрсеткіш немесе 34 500 теңге көлемінде айыппұл салуды көздейді.