Қаламыздағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толды. Төл тарихымен бірге рухани құндылықтар қатарын толықтырып келе жатқан өзіндік орны бар оқу орны елімізге елеулі тұлғаларды білім нәрімен сусындатып шығарды. Айта кетейік, айтулы колледждің бес қабаттан тұратын жатақханасы 1974 жылы салынған, 420 орындық ғимаратта қазір 539 оқушы қоныстанған.
Өткен жылы жатақханаға күрделі жөндеу туралы жоспар құрылып, биыл құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Студенттердің жазғы демалыс сәтінде қызу қолға алған күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап, бағамдауға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы келді. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айынан бастап жүргізілді. Жоспар бойынша биылғы жылдың қараша айында бітуі тиіс.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Әсіресе, шатыр мен жертөлеге қатысты ескертпелер айтылды. Бастысы колледж студенттеріне жайлы жағдай жасау, жоспар бойынша екінші тоқсанның аяғында білім алушылар жаңа жатақхананың игілігін көрмек.
Айта кету керек, балалар үшін қалада барлық жағдай жасалуда. Мәселен, қала күні қарсаңында саз мектебі ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөз сөйлеп, балалар шығармашылығына өркендеу, ал саз мектебінің ұжымына сәттілік тіледі. Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау – бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашады. Жаңа саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Бұдан бөлек, «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп пайдалануға беріледі. Қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде.
Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда