Шымкенттік делегаттар Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында іскерлік кездесулер өткізуде. Шілденің 4-7 аралығына жоспарланған жұмыс сапарына қала әкімінің орынбасары М.Исахов бастаған делегация құрамында кәсіпкерлік, цифрландыру, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау саласы басшылары мен аудан әкімдері және қалалық маслихат депутаттары мен білім беру және бизнес өкілдері бар.
Айта кету керек, 2022 жылы Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 236,6 млн.АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор.
Шара барысында Шымкент пен Сиань әкімдіктері, қалалық Мәслихат пен Халық құрылтайы өкілдері, Жоғары оқу орындары, жеке және орта бизнес өкілдері арасында екі жақты В2В кездесулері ұйымдастырылып, өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылып, озық технологиямен жабдықталған арнайы кәсіпорындарды аралау жоспарланған.
Іс-сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында қол қойылған өзара серіктестік орнату туралы меморандумға сәйкес тараптар арасында жан-жақты байланыс орнатып, өзара тәжірибие алмасу.
Ал жалпы алғанда, Шымкент «үшінші қала» статусын алғалы бері қалаға инвестиция тарту көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Тіпті, Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтарының бірі. Қалада түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібінің өнеркәсіптік кәсіпорындары бар. Жалпы, жыл соңына дейін 721,7 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға артады деп күтілуде. Тіпті, инвестиция тарту бойынша үшінші мегаполис көш бастап тұр.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде үшінші мегаполисте инвестклимат жақсарып келеді. Бұл бағыттағы кешенді шаралар өз жемісін беруде. Биылғы алғашқы тоқсанда қалаға 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Былтыр тиісті кезеңмен салыстырғанда 109,6% құрап отыр.