33 жастағы отандасымыз шетелде бүйрегін сатпақ болған. Отбасылы азамат мұндай қадамға ақшадан қысылғандықтан барған екен.
Орал тұрғыны өз бүйрегін сату үшін отаны Кения Республикасында жасауға келіскен.
Polisia.kz жазуынша, полиция қызметкерлерінің араласуымен адам органдарын сату әрекеті тоқтатылды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ер азамат ақшалай қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты өзінің бүйрегін сатуға келіскен. Мамыр айында аталған азамат халықаралық интернет-сайтта жарияланған ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға арналған бүйректі сату туралы хабарландыруды көрген. Оған Telegram каналы арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шығып, ортақ мәмілеге келу арқылы құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен. 2 ай бойы отандасымыз медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram каналы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электронды виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.
30 шілде күні полиция қызметкерлері аталған азаматты Алматы қаласындағы әуежайдың ұшу аймағынан ұстады. Одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін азамат Орал қаласына жеткізіліп, ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 116-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады. Оны жасаудың жалғыз жолы — оның туысының өтеусіз қайырымдылығы немесе қайтыс болған адамның туыстарының келісімімен органды трансплантациялау.