Шымкентте тәртіп сақшысы қызметтік көлікпен балалы әйелді қағып кетті. Оқиға кеше, 3 тамыз сағат 17:00 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде болған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі ” Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзуы” бойынша тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
“Полиция қызметкерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр. Өз кезегінде Шымкент қаласы ПД-нің басшылығы зардап шеккендерден және олардың туыстарынан полиция қызметкері жолда адамдардың жарақат алуына жол бергені үшін кешірім сұрайды” делінген полиция мәліметінде.
Сотқа дейінгі тергеумен ПД-нің анықтау басқармасы айналысуда.Тергеу барысы департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында.