Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Қызылсай тұрғын алабының тұрғындары қала басшысымен кездесулерде көптен бері жол мәселесін көтеріп келген. Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қызылсай тұрғын алабындағы жол құрылысына барып, мұндағы жұмыстың жай-күйімен танысты. Бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жер жұмыстары және инженерлік желілерді қайта орнату іске асырылуда.
“Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Міне, шаруа қарқынды жүріп жатыр. Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық,”– дейді тұрғындар. Теміржол асты өткелінің құрылысы аяқталған соң, тұрғындар сапалы жолмен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік алады.
Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда.
Ташкент – Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.
Шілде айының ортасында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда.