Түркістан облысындағы шекара бекетінде Қазақстанға есірткі алып өтпек болған Өзбекстан азаматы ұсталды.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түскен. Онда қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі бергені хабарланған.
Polisia.kz жазуынша, тәртіп сақшылары алған ақпарат бойынша күдік тудырған ер адамға тінту жүргізу кезінде шетелдік азаматтың аяқ киімінің ішіне жасырып алған есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптама қорытындысында оның гашиш есірткісі екені расталды. Күдікті ер адам Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды.
Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.